Ана болғым келеді... Арманым бар! Айтайын, тыңда, ғалам! Жүрегімді жазайын жыр жамаған. Ана болғым келеді, ана болғым, Анасы жоқ сәбиге іңгәлаған. Оған айтар орасан себеп менде, Сәбилерді кім қорғар жел өпкенде?! Ана болғым келеді, туа сала, Бесігінен айырылған бөбектерге. Десем де сан жемісім жетілді өрге, Қасірет бар әлі де не түрлі елде! Ана болғым келеді, әркімдердің, Жетегінде жылаған жетімдерге. Жүгініп сан жылайды санам арға, Жатырынан жерінген ана адам ба?! Ана болғым келеді, бөтен елде, Босағада боздаған балаларға. Мұңға оранған көңілде күй-сарын көп, Бар адамға пана ғой, сыйса, жүрек. Жетім көрсем жылаған, тұрамын мен, Алақан боп, маңдайын сипағым кеп. Анасынан таппаған жан тұрағын, Жетім көрсем, сезбеген жан шуағын. «Сенің анаң менмін» - деп, жасын сүртіп, Құшағыма басқым кеп, талпынамын. Өлеңімді жүрсе де бәрі ескере, Ұрпақ үшін қылмаппын әлі ештеңе. Ана болғым келеді, жылу іздеп, Мейірімге шөлдеген нәрестеге. Ой ертпестен ешқандай санаға ала, Ана болғым келеді... Ана ғана! Шарғаламға шықпастан, Шерге оранып, Шетінеген шарасыз шаранаға! Дана болғым келмейді шамасы бар, Дара болғым келмейді бағасы – нар. Ана болғым келеді, Ана болғым, Құшағында қуанған баласы бар.

Теги других блогов: семья материнская любовь ана